Казахский

Неке шарты: не үшін қажет, қашан жасалады және қалай рәсімделеді

2026-06-15 13:47 Мақалалар
Ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастары Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен (бұдан әрі – ҚР Н(Е)ОК) реттеледі. Жалпы қағидаға сәйкес, неке кезеңінде ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады (ҚР Н(Е)ОК-нің 33-бабы).

Алайда неке шартын жасасу арқылы сіз мүлікті иелену, пайдалану және оған билік етуге қатысты өзге тәртіпті белгілей аласыз.
Неке шарты – ерлі-зайыптылардың немесе некеге (ерлі-зайыптылыққа) тұруға ниет білдірген адамдардың арасындағы келісім. Ол арқылы олардың неке кезеңіндегі және (немесе) неке бұзылған жағдайда туындайтын мүліктік құқықтары мен міндеттері айқындалады (ҚР Н(Е)ОК-нің 39-бабы).

Ол не үшін қажет?
Неке шарты:
• қандай мүлік ортақ, ал қайсысы жеке меншік болатынын айқындауға;
• нақты мүлікке қатысты ерлі-зайыптылардың үлестерін белгілеуге;
• мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету тәртібін белгілеуге;
• отбасылық шығыстарды көтеру тәртібін бекітуге;
• неке бұзылған жағдайда мүлікті бөлу талаптарын айқындауға;
• ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарына қатысты өзге де талаптарды көздеуге мүмкіндік береді.

Маңызды! Шарт қолда бар мүлікке де, болашақта сатып алынатын мүлікке де қолданылуы мүмкін (ҚР Н(Е)ОК-нің 41-бабы).

Неке шартын қашан жасауға болады?
(ҚР Н(Е)ОК-нің 40-бабы)
Заң екі нұсқаны көздейді:
• неке мемлекеттік тіркелгенге дейін – шарт неке мемлекеттік тіркелген сәттен бастап күшіне енеді;
• неке кезеңінде – шарт нотариатта куәландырылған сәттен бастап күшіне енеді.

Неке шартын қалай рәсімдеуге болады?
Неке шартын жасасу тәртібі ҚР Н(Е)ОК-нің 39–41-баптарымен реттеледі.
1. Шарттың нысаны (ҚР Н(Е)ОК-нің 40-бабы)
Неке шарты жазбаша нысанда жасалып, міндетті түрде нотариатта куәландырылуға тиіс. Нотариаттық нысанды сақтамау оның жарамсыз болуына әкеп соғады.
2. Шарттың мазмұны (ҚР Н(Е)ОК-нің 41-бабы)
Шартта тек ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттері ғана реттелуі мүмкін.
Мынадай талаптарды енгізуге болмайды:
• ерлі-зайыптылардың құқық қабілеттілігін немесе әрекет қабілеттілігін шектеуге;
• өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын шектеуге;
• ерлі-зайыптылардың жеке мүліктік емес қатынастарын реттеуге;
• балаларға қатысты ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін реттеуге;
• ерлі-зайыптылардың бірін өте қолайсыз жағдайға қоюға;
• отбасы заңнамасының негізгі қағидаттарына қайшы келетін талаптарды белгілеуге.
3. Неке шартын өзгерту және бұзу (ҚР Н(Е)ОК-нің 42-бабы)

Неке шарты ерлі-зайыптылардың нотариатта ресімделген өзара келісімі бойынша кез келген уақытта өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін. Дау туындаған жағдайда ол сот шешімімен де өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.

Бұл ретте неке шартының қолданылуы неке бұзылған сәттен бастап тоқтатылады, бірақ неке шартымен неке тоқтатылғаннан кейінгі кезеңге көзделген міндеттемелер сақталады.

Неке шарты – мүліктік мүдделеріңізді қорғаудың сенімді құралы. Ол ықтимал даулардың алдын алуға, уақытыңызды, күшіңізді және қаражатыңызды үнемдеуге мүмкіндік береді.

Болашағыңызды бүгіннен бастап қорғағыңыз келе ме? Кеңес алуға жазылыңыз!